Қазақстанда 1800 әскери қызметші арзан баспанаға қол жеткізді
Аталған бағдарламаны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) былтыр іске қосқан болатын.
Банк жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы, белгілі журналист Сергей Пономарев Алматы, Астана, Тараз және Семей қалаларындағы әскери бөлімдерге барып, жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша несиелендіру шарттарын түсіндіріп, әскери қызметшілердің ойын біліп қайтты. Шараға банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова да қатысты.
«Әскери бөлімдерге жасалған сапар нәтижесінде банк клиенті атанған Отан қорғаушылардың пікірлері мен ескертулері жиналды. Қолға түскен ақпараттың бәрін банк басшылығына тапсырдым және алдағы жылы әскери қызметшілердің бұл ұсыныстары ескеріледі деп үміттенем. Бүгінге дейін оларға 1 800-ден астам жеңілдетілген заем берілген, ал 300-дей несие өтінішіні қарастырылып жатыр. Банктің қолдауы мен Қоғамдық кеңестің бақылауының арқасында әскери мамандар пәтер жалдаушыдан баспана иесіне айналды. Бұл игі іс жалғасын табады деп сенемін», - деді Сергей Пономарев.
Жаңа жобалар мен акциялардан бөлек, Қоғамдық кеңес мүшелері банкпен бірігіп тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің ең басты мақсатын елге жеткізіп келеді. Басқаша айтқанда, табысына қарамастан барлық азаматтарға қаражат жинап, кейін үй сатып алуға немесе салуға тиімді несие рәсімдеу мүмкіндігін беруді насихаттауды жалғастырып отыр.
«Халықтың қаржылық сауатының өсуі Қоғамдық кеңеспен бірлесіп жүргізілген жұмыстың нәтижелі болғанын білдіреді. Бұған тұтынуды емес, қаражат үнемдеп, ақша жинауды жөн көрген Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары санының өскені дәлел. 2018 жылдың 11 айында банкте 347 574 жаңа депозит ашылды. Жалпы алғанда, біздің банкте қазір 1,2 миллионнан астам адам баспаналы боламын деп қаражат жинап жатыр. Олардың шоттарындағы жалпы жинақ сомасы 583,3 млрд теңгені құрайды», - деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Статистика бойынша, бір жылдың ішінде банк әскери қызметшілерге құны 28,2 млрд теңге болатын 1845 несие берген. Оның ішінде Қорғаныс министілігіне - 11 млрд 071 млн теңге болатын 716 несие, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті қызметкерлеріне - 3 млрд 615 млн теңге болатын 546 несие, Ұлттық ұлан қызметкерлеріне - 5 млрд 860 млн теңге болатын 427 несие, және басқа да қызметкерлерге құны 2 млрд 684 млн теңге болатын 156 несие берген.