Қазақстанда 2 мың адам жұмыс кезінде жарақат алады - Бақытжан Әбдірайымов

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Кәсіподақтар федерациясы кәсіпорындардағы еңбекті қорғау және қауіпсіздік мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда 2 мың адам жұмыс кезінде жарақат алады - Бақытжан Әбдірайымов

«Қазақстанда жыл сайын екі мыңға жуық адам жұмыс барысында мүгедек болып қалады, екі жүзден астам адам жазатайым мерт болады. Біз Кәсіподақтар федерациясы ретінде еңбекті қорғау және қауіпсіздік мәселелеріне төзбеушілік танытуға шақырамыз. Өндірістік жарақатқа қатысты кез келген оқыс оқиға кәсіподақтан бастап, жұмыс берушілер, прокуратура және өзге де органдар үшін басты мәселеге айналуы тиіс», - деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымов Астанадағы Локомотив құрастыру зауытының қызметкерлерімен кездесуде. 
null null null 

Оның айтуынша, Локомотив құрастыру зауытын өзге кәсіпорындарға үлгі етіп көрсетуге болады. Зауыт ашылған сәттен бері мұнда бірде-бір жазатайым оқиға болмаған. Соңғы екі жылда кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және қорғау бойынша өндірістік кеңес жұмыс істейді. Өндірістік кеңестер 2016 жылы жаңа Еңбек кодексінде бекітілген.

«Өндірістік кеңес еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі мәселелерімен айналысады. Бұл тәжірибені өзге де кәсіпорындарда дамытқымыз келеді. Өкінішке қарай, мұндай өндірістік кеңестер барлық кәсіпорындарда жүзеге аспайды. Оның түрлі себептері бар. Жақында еңбекті қорғау бойынша қоғамдық инспекторлардың форумын өткізуді жоспарлап отырмыз»,  - деп өз сөзін толықтырды Б. Әбдірайымов.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы келтірген деректерге сәйкес, Қазақстанда 12 мың өндірістік кеңес болса, оның 581-і ғана нақты сектор кәсіпорындарында жұмыс істейді. 2018 жылдың 1 ақпанындағы мәлімет бойынша, республикада 230 мыңнан астам кәсіподақ бар.


null null