Қазақстанда 200-ден астам Кеңес Одағының Батыры туралы тың деректер табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасында Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары туралы фильмдер сериясының көрсетілімі өтті.
«Қазақстандықтар - Кеңес Одағының Батырлары» бейнеантологиясын «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы шеңберінде ERG Еуразиялық тобы, ҚР киноқұжаттар мен дыбыс жазбалары орталық мемлекеттік мұрағаты және «Нұр Отан» партиясы шығарды. Айта кетейік, бейнеатология ұзақтығы 8-10 минуттық қазақ және орыс тілдеріндегі қысқаметражды 70 деректі фильмдерден тұрады. Олар «Астана» телеарнасында 6 мамырдан бері экранға шығарылуда.
Фильмдерді дайындау барысында Қазақстандықтар - Кеңес Одағы Батырларының жеке істері сарапталып, олардың деректері жетекші тарихшылармен тексерілді. Бүгінгі күнге дейін Қазақстаннан шыққан 611 Кеңес Одағының Батыры жайлы ақпарат бекітілген.
Сондай-ақ бейнеантологияда Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ орындаушыларының музыкалық шығармалары жұртшылыққа паш етілді.
«Бүгін біз 70 сериялы «Қазақстандықтар - Кеңес Одағының Батырлары» бейнеантологиясының көрсетілімін өткізіп жатырмыз. Біз бүгін барлық серияларды көрсете алмайтынымыз анық, сондықтан ең негізгі деген төрт серияны ардагерлерге ұсынамыз. Олар: «Соғыс оты» , 28 панфиловшылар, Рахым Қошқарбаев пен тыл еңбеккерлері жайындағы сериялар. Жалпы бейнеантология Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған 600-ден астам Қазақстан тумалары туралы баян етеді», - деп атап өтті «Нұр Отан» партиясының идеология бойынша хатшысы Фархад Қуанғанов.
Оның айтуынша, партия күшімен жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында қазақстандықтарға беймәлім тың деректер табылған.
«Егер ҰОС 70 жылдығына дейін бізге тек Кеңес Одағы Батыры атағын алған 400 қазақстандық туралы белгілі болса, бүгінде ол тізім 611-ге жетті. Тағы 23 Батырдың мәліметтері өңделуде. Бұл - өте үлкен жұмыс болды. Осындай ауқымды жұмыс соңғы рет 1968-69 жылдары атқарылған көрінеді», - дейді партия хатшысы.
Ф. Қуанғановтың сөзі бойынша, КСРО Батыры атағының иегерлері туралы екі томдық кітап жарыққа шықпақ. Бұл жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табады.