Қазақстанда 200-ден астам жалған сертификатпен тауар өндірушілер анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, жалған сертификаттарды пайдаланған 200-ден астам компания мемлекеттік сатып алуға қатысқан.

Қазақстанда 200-ден астам жалған тауар өндірушілер анықталды
Фото: freepik

— Бүгін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі хабарлағандай, 6 жылдың ішінде 70 мыңға жуық CT-KZ сертификаты және 1,5 мыңға жуық индустриялық сертификат берілді. Алайда, Прокуратура органдары 200-ден астам сертификаттың сәйкес келмейтіндігін анықтады. Шын мәнінде, жалған сертификаттардың саны көп болуы мүмкін, — деді Мұқаш Ескендіров Мәжіліс отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында. 

Халық қалаулысының айтуынша, жалған сертификаттарды пайдалану кейбір компаниялардың заңсыз мемлекеттік сатып алуға қатысуына мүмкіндік беріп отыр. 

— Мемлекеттік сатып алуға қатысудың міндетті шарттарының бірі кәсіпорынның отандық тауарды шығару. Алайда, кейбір компаниялар жалған сертификатпен мемлекеттік сатып алуға қол жеткізді, — дейді депутат.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс отандық тауар өндірушілердің тізілімі туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Соңғы жаңалықтар