11:53, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстанда 2010 жылдан бастап 4 және одан да көп балалы аналарға берілетін бір жолғы жәрдемақының мөлшері ұлғайтылады - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанда 2010 жылдан бастап 4 және одан да көп балалы аналарға берілетін бір жолғы жәрдемақының мөлшері ұлғайтылады. Бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан әйелдерінің Ү форумында Елбасы Н. Назарбаев осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мемлекет балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға айырықша көңіл бөлуі тиіс.Менің тапсырмам бойынша 2010 жылдан бастап 4 және одан да көп баланы өмірге әкелген аналарға берілетін 1 жолғы жәрдемақының мөлшері 30 айлық көрсеткіштен 50 айлық көрсеткішке дейін ұлғаяды. Бұл төлем 68 мың теңгеден асады», деді Мемлекет басшысы. Президент келесі жылдан бастап бала күтімі үшін берілетін ай сайынғы жәрдемақы орта есеппен 25 пайызға көбейетінін атап көрсетті. «Сонымен қатар, қазіргідей күрделі жағдайда мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға айрықша қолдау көрсету қажет. Сондықтан 2010 жылдан бастап 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы енгізетін боламыз», деді Елбасы.