Қазақстанда 2010 жылдан бастап су мен электр қуатын тұтынуға дифференциалды тариф енгізіледі - Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы
АЛМАТЫ. Шілденің 24-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 2010 жылдан бастап елімізде су мен электр қуатын тұтынуға дифференциалды тариф енгізіледі.
Бұл жайлы бүгін Алматы әкімдігінде Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен аймақтық мәжілісте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңартудағы басым бағыттардың бірі нормативтік техникалық шығындарды азайту. Қазір оның көлемі 5 миллиард теңгені құрап отыр. Оның 2 миллиарды - электр қуаты, 2 миллиарды - жылу, ал 1 миллиарды су құбыры жүйесінің еншісіне тиеді. Былтырдан бастап Алматыда дифференциалды тариф енгізілген болатын. Енді 2010 жылдың қаңтарынан бастап оны барлық жерде енгіземіз, оған дайындық жұмыстары жылдың соңына дейін аяқталады", дейді ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов. Бұл мәселенің дәл қазіргі таңда маңызы ерекше екенін Премьер-Министрдің орынбасары да аймақтағы коммуналдық шаруашылық басшылары мен кәсіпорын жетекшілеріне ескертті. Серік Ахметовтің айтуынша, Алматыда биыл жарты жылдың ішінде электр қуаты мен суды тұтынуда нормативтік техникалық шығындар 10 пайызға үнемделген. Соның нәтижесінде саланы жаңғырту мен жөндеуге қосымша ішкі резервтен үнемделген 3,5 миллиард теңге жұмсалып отыр.