Қазақстанда 2011 жылды «Білім жылы» деп жариялау туралы ұсыныстар бар
АСТАНА. Наурыздың 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толуы қарсаңында 2011 жылды «Білім жылы» деп жариялау туралы ұсыныстар түсіп жатыр.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы көптеген мемлекеттерде «Білім немесе ғылым жылы» деп жариялау үдерісі баршылық. Осыған орай, ел Тәуелсіздігінің 20-жылдығы қарсаңында 2011 жылды «Білім жылы» деп жариялау туралы ұсыныстар келіп түсуде», деген министр депутаттық корпустан осы мәселеге қатысты қолдау күтетінін жеткізді.
Сонымен бірге, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына енгізілген өзгерістерге тоқталған Ж. Түймебаев, «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде табылған тарихи-мәдени деректердің орта мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізілгенін атап өтті. «Бұның ішінде «Қазақ тілі» пәні Елтану бөлімімен толықса, «Қазақстан тарихы» пәніне Көне Таразда, Алматыда, Жетісуда мекен еткен Сақ, Үйсін тайпалары туралы ғылыми мәліметтер, Отырар мен Бозоқ ескі қалаларындағы қазба деректері енгізілді. «Көркем еңбек» секілді қосымша пәндер жүргізілуде», деді министр.