Қазақстанда 2011 жылдың 8 айында ашық жүрекке 4912 және буындарды эндопротездеу 1608 операциясы жасалды
АСТАНА. 7 қазан. ҚазАқпарат. Бүгін Астанада «Медицинадағы инновациялық технологиялар және прогресс. Еуро-Азиялық Респираторлық қоғамның 7-ші Конгресі» Халықаралық Конгресі жұмысын бастады, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі. Жиын Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың (ҰҒМО) 10 жылдығына арналып отыр.
Конгресс жұмысына Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, Еуропа, АҚШ, Азия және ТМД-ның жетекші медициналық ұйымдарының ғалымдары қатысуда.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова құттықтау сөзінде Елбасы азаматтардың денсаулығын нығайтуды Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енудегі міндетті шарттардың бірі ретінде қарастыратын атап көрсетті.
Қазақстанда тәуелсіздік жылдары денсаулық сақтау саласы жоспарлы түрде дамып келе жатыр. Бұл экономикалық әл-ауқаттың артуына тікелей байланысты. Саланы қаржыландыру көлемі он еседен астам ұлғайып, медицинаның материалдық-техникалық базасын нығайтуға қол жеткізілді. Жаңадан 500-дей денсаулық сақтау нысаны салынды, 4000-нан астам медициналық ұйым күрделі жөндеуден өткізілді, 75 млрд теңгеден аса қаржыға медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Республика бойынша жоғары технологиялар енгізілуде. Ғылыми зерттеу институттары мен республикалық емханаларда сынақтан өткізілген 400 қазіргі заманғы медициналық әзірлеменің 123-і облыстарда табысты жүзеге асырылуда.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда азаматтардың салауатты өмір салтын ұстануын кеңінен насихаттау және әр адамның өз денсаулығына ортақ жауапкершілігін күшейтуге баса назар аударылған.
Елімізде кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемі артып келеді. Өңірлерде жоғары технологиялық күрделі операциялар жасалуда. Яғни, жоғары мамандандырылған көмек тұрғындар үшін қолжетімді бола түсті. Егер 2010 жылы елімізде ашық жүрекке 3297 операция, буындарды эндопротездеу бойынша 1302 операция жасалынса, 2011 жылдың 8 айында 4912 операция ашық жүрекке, 1608 буындарды эндопротездеу операциялары жасалды.
Ұлттық ғылыми медициналық орталық инновациялық жоғары технологияларды пайдалану арқылы медициналық қызметтер сапасын жақсарту мақсатында енгізілетін ілкі жобаларды жүзеге асырушы негізгі орталықтардың бірі.
Емхана жұмыс істеп келе жатқан 10 жылдың ішінде 210 мыңнан астам қазақстандық азаматқа, оған қоса АҚШ, Ресей, БАӘ, Түркия, Германия, Ұлыбритания және өзге елдердің азаматтарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді.
Конгресс аясында симпозиумдар, шеберлік-сыныптарын, жас ғалымдар байқауын, дөңгелек үстелдер, дәрілік құралдар және медициналық жабдықтар көрмесін ұйымдастыру жоспарланған.
Конгресс медицина қызметкерлеріне, ғалымдар мен мамандарға әлемдік және отандық медицина ғылымы мен жолғары технологиялар жетістіктерімен танысуға мүмкіндік береді.