Қазақстанда 2011 жылы 8 мыңнан астам кардиохирургиялық операция жасалды

АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтауды дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында еліміздің барлық өңірінде кардиохирургиялық қызметті дамыту жөніндегі тиімді шаралар қабылдануда.

Қазақстанда 2011 жылы 8 мыңнан астам кардиохирургиялық операция жасалды

Қазақстан ашық жүрекке бірегей жоғары технологиялық операциялар  жасаушы әлемнің ең дамыған 22 елінің қатарына кіріп отыр, деп хабарлады pm.kz сайты.

«Бүгінде «Са­ла­матты Қазақ­стан-2015» мемлекеттік бағ­дар­ламасы жү­зеге асырылуда. Денсаулық сақтау жүйесі са­палы дамып келеді. Халық ден­саулығы көрсет­кіштерінің жақсы серпінділігіне қол жеткізілді. Бала туу өсіп, өмір сүру ұзақ­тығы ұлғайды. Қан айналу жүйесі аурулары­нан бо­латын өлім көрсеткіші 1,7 есеге төмендеді», - деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, қазіргі таңда еліміздің өңірлерінде 26 медициналық ұйым халыққа кардиохирургиялық қызмет көрсетуде. Олар 2011 жылы жүрекке 8 мыңнан астам операция жасады, оның ішінде 6,5 мыңға жуығы - ашық жүрекке жасалған операциялар.

Оған қоса, елімізде жүрекке инвазивті тексеру жүргізуді қарастыратын коронароангиография жасауға арналған 22 кабинет жұмыс істейді. 2011 жылы елімізде 9543 астам осындай тексеру жүргізілген.

Айта кету керек, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында елімізде негізгі әлеуметтік-маңызды ауруларды, оның ішінде қан айналымы жүйесінің ауруларын ерте анықтау мақсатында Ұлтты скринингілік бағдарлама енгізіліп отыр. Оған қоса, қан айналымы жүйесінің ауруларын халықаралық стандарттарға сәйкес диагностикалау мен емдеудің тиімді технологиялары енгізілуде, облыстық және қалалық ауруханалардың жандарынан 8 инсульт орталығы ашылды. 2012 жылдың соңындағы жағдай бойынша елімізде мұндай тағы 16 орталық ашылса, 2013 жылы тағы 24 орталық ашылмақ.

Сонымен бірге кардиологиялық көмек көрсетуші денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базалары нығайтылуда. Бұл мақсаттарға 2011-2015 жылдарға арналған республикалық бюджетте интервенциялық кардиологияны дамытуға 5,2 млрд. теңге, бастауыш медицина-санитарлық көмекті ұйымдастыру үшін кардиологиялық жабдықтар сатып алуға 3,5 млрд. теңге қарастырылып отыр.

Қабылданып жатқан шаралардың арқасында елімізде әлемдік талаптарға сай келетін заманауи кардиохирургиялық қызмет құрылуда.