Қазақстанда 2011 жылы әлеуметтік нысандар мен көппәтерлі тұрғын үйлердің энергоаудитіне 360 млн. теңге бөлінеді

АНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстанда 2011 жылы әлеуметтік нысандар мен көппәтерлі тұрғын үйлердің энергоаудитіне 360 млн. теңге бөлінеді.

Қазақстанда 2011 жылы әлеуметтік нысандар мен көппәтерлі тұрғын үйлердің энергоаудитіне 360 млн. теңге бөлінеді

Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Құрылыс және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық істері агенттігі департаментінің директоры Василий Маслов мәлім етті.

«Коммуналдық сектордың энергиялық тиімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік нысандардың, атап айтқанда мектептер, ауруханалар мен балабақшалардың, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлердің аудитін жасамақпыз. Ол үшін 2011 жылы әлеуметтік нысандарға - 150 млн., ал тұрғын үй секторына - 210 млн. теңге бағытталады», - деді В.Маслов.

Оның сөзіне қарағанда, бұл шаралар үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Үкімет мақұлдаған 2020 жылға дейінгі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту салалық бағдарламасы аясында іске асырылатын жұмыстардың тек алғашқы кезеңі ғана.

Онымен бірге, 2011 жылы бюджеттік қаражаттар есебінен 9 өңірде автоматтандырылған жылу пункттерін (АЖП) орнату бойынша 114 ілкі жоба іске асырылатын болады.

В.Масловтың айтуынша, АЖП-ның тиімділігі дәлелденгеннен кейін, 2012 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар оларды әлеуметтік нысандарға өздері орнатады. Ал көппәтерлі тұрғын үйдің иелері құрылғыларды өз қаражаттарына сатып алады. Қазіргі бағалар бойынша мұндай автоматты құрылғы 3 млн. теңгенің маңайында тұрады. Осымен бірге В.Маслов, мемлекет кондоминимум нысандарын АЖП-ны орнатуға мәжбүрлемейтіндігін айтты, олардың жұмыстары құрылғының тиімділігін дәлелдеуге бағытталатын болады.

Сондай-ақ Агенттік өкілі бағдарлама аясында нысандарды жөндеу және түрлендіру жұмыстарына жүйелі түрде кірісу үшін коммуналдық желілердің техникалық жағдайын бағалауға жыл сайын республикалық бюджеттен 250 млн. теңге бөлінетіндігін айтты. Себебі, нақты осы мәселеде республикалық шығындар көп болып отыр.