Қазақстанда 2011 жылы құрт ауруы 100 мың адамға шаққанда 86,8-ге дейін төмендеді

АЛМАТЫ. 28 ақпан. ҚазАқпарат - Құрт ауруы әлі күнге дейін қазіргі замандағы қоғамдық денсаулық сақтау саласының әлемдік ауқымдағы күрделі мәселесі ретінде қалып отыр.
None
None

Бұл туралы бүгін Алматыда Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері Ұлттық орталығының ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша алдағы 10 жылда құрт ауруы бүкіл әлем бойынша ауру-сырқат пен өлім-жітімге әкелетін 10 негізгі себептердің бірі ретінде қала бермек. 2010 жылы құрт ауруының 8,8 млн. жаңа жағдайы тіркелген. 2009 жылы бұл көрсеткіш 9,4 млн.-ды құраған болатын. Науқастарды емдеудің қолжетімді әрі тиімді жолдары болса да, 2010 жылы одан 1,1 млн. адам қайтыс болған көрінеді.

«2011 жылы 100 мың адамға шаққанда құрт ауруы 86,8-ге дейін төмендегені байқалды. Бұл үрдіс 2002 жылы басталды. Ол кезде құрт ауруымен науқастану саны 100 мың адамға шаққанда 165,1-ді құраған болатын. Ол 10 жылда 47 пайызға төмендеді. Осыған қарамастан құрт ауруына шалдығу Қазақстанда әлі жоғары деңгейде сақталып отыр. Сол себепті де оның алдын алу және емдеу денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып табылады», - деді Туберкулез мәселелері ұлттық орталығының директоры Тілеухан Әбілдаев.

Құрт ауруы халықтың барлық топтарын қамтуда. Қазір көптеген дәрілерге тұрақтылық көрсететін және емделуі қиын құрт ауруына шалдығу деңгейінің өскені байқалып отыр. Аурудың алдын алу, салауатты өмір салты және адамның өз денсаулығына қатысты ортақ жауапкершілік қағидасы құрт ауруымен байланысты жағдайды өзгертуге көмектеседі. Сол себепті Қазақстанда 23 ақпаннан 23 наурызға дейін құрт ауруы жөнінде және оның алғашқы белгілері анықталған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің қажеттігі туралы халықты ақпараттандыруға және тұрғындар арасында, әсіресе жастардың ішінде салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізілмек.

«Айлық науқанның мақсаты: қоғамның назарын құрт ауруы мәселесіне аудару және оған қоғам күшін жұмылдыру. Онда: медициналық ұйымдарда Ашық есік күндерін өткізіледі. БАҚ-та құрт ауруының алдын алу жөнінде мағлұмат беріліп, аудио және видероликтер көрсетіледі. Сондай-ақ студенттік ғылыми конференциялар, дөңгелек үстел жиындары, пікірталастар мен жарыссөздер түрінде оқу мекемелерінің студенттерін құрт ауруын алдын алу жөнінде оқыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру шаралары жүргізіледі. Оны 24 наурыздағы Құрт ауруымен күрес жөніндегі бүкіләлемдік күнге орай Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелерінің ұлттық орталығы мен Туберкулез мәселелерінің ұлттық орталығы ұйымдастырып отыр», - дейді Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері ұлттық орталығының директоры Жәмила Баттақова.

Соңғы жаңалықтар
Референдум