Қазақстанда 2013 жылы жұмыс кезіндегі оқыс оқиғалардан 266 адам мерт болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылы Қазақстанда жұмыс барысында барлығы 2623 оқыс оқиға тіркелген. Зардап шеккендердің 17,0%-ы әйелдер болса, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер - 0,1%-ды құрап отыр. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігі мәлімдеді.

Қазақстанда 2013 жылы жұмыс кезіндегі оқыс оқиғалардан 266 адам мерт болды

Агенттіктің мәліметтері бойынша, 453 адам топтық оқыс оқиғаларда зардап шексе, 465-і кәсібіне байланысты кездесетін аурулардан, 26-сы уланудан жапа шеккен. Жұмыс кезінде арақ ішкен 15 адам жарақаттанса, жұмыста отырып психологиялық ауытқудан зардап шеккен 1 адам тіркелген.

Осындай оқыс оқиғалар кезінде 266 адам мерт болды, оның 16-сы әйелдер. Ал 750 адам мертігіп, 526 адам дене жарақатын алған, 356-сының миы шайқалып немесе іш құрылысы мүшелеріне зиян келген. Дене жарақатының ең көп жағдайда өлімге алып келетін түрі бас жарақаты (жарақаттың мұндай түрінен 58 адам қаза болған), кеуде тұсы (55).

2013 жылы мамандыққа байланысты аурулардың ең көп тараған түрлері омыртқа зақымдары (237 адам), бронхит (126) және тағы басқалар.

Зерттеу мәліметтері бойынша, жұмыс барысында ең көп зардап шеккендер 46-60 жас аралығындағы кәсіби мамандар болып шықты.