Қазақстанда 2014 жылғы өрттік қауіпті маусым мерзімдері белгіленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекеттік орман қоры аумақтарында өрттік қауіпті маусымның мерзімі белгіленді. Республиканың оңтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде өрттік қауіпті маусым 1 сәуірден 10 қарашаға дейін, ал солтүстік аумақтарда 10 сәуірден 31 қазанға дейін созылады.

Қазақстанда 2014 жылғы өрттік қауіпті маусым мерзімдері белгіленді

«Орман өрттеріне қарсы күрес шараларының қабылданғанына қарамастан, Қазақстанда жыл сайын 600-ден астам орман өрттері тіркеледі. Олардың 60 пайызға жуығына адам кінәлі. Осыған орай ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі орманда өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттігі туралы хабарлап, орман өрттерінің шығуына кінәлі адамдардың жауапкершілігі жайында ескертеді», - делінген ведомство мәліметінде.

Орманда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінде 1500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (2 778 000 теңге) мөлшерде айыппұл салу қарастырылған.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде ормандардың отқа сақ болмау салдарынан өртеніп кетуі немесе бүлінуі үшін кінәлі тұлғаны 2 жылға дейін, ал ормандарға қасақана өрт қойған адамды 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.