Қазақстанда 2014 жылы баспана салу белгіленген жоспардан артығымен орындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2014 жылы баспана салу белгіленген жоспардан артығымен орындалды. Бұл туралы бүгін ОКҚ брифингінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Николай Логутов айтты.

Қазақстанда 2014 жылы баспана салу белгіленген жоспардан артығымен орындалды

«2014 жылы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес барлық қаржыландыру көздері бойынша 6,9 млн. шаршы метр баспана беру жоспарланған болатын. Бүгінде бұл жұмыстың қорытындысы 7,5 млн. шаршы метрді көрсетіп отыр, бұл -былтырмен салыстырғанда 109,8% нәтиже деген сөз», - деп атап өтті ол.

Депутаттың мәліметтері бойынша, кезекте тұрған азаматтарға арнап жалдамалы баспана салуға 18,9 млрд. теңге бөлінген. Осы қаражатқа жоспарланған 210,1 мың шаршы метр баспананың орнына 210,7 мың шаршы метр, яғни 3800 пәтер салынды.

2014 жылы жас отбасыларға баспана салу үшін 17 млрд. теңге бөлінген. Бұл салада 138,5 мың ш/м жылдық жоспардың орнына 145,9 мың ш/м баспана пайдалануға берілді. Яғни былтыр жас отбасыларға 2572 пәтер берілді. Тұрғын үй құрылысы жинағы жүйесі бойынша несиелік баспана салуға 28,2 млрд. теңге бөлініп, 6096 пәтер қолданысқа берілді. Жоспар 161%-ға орындалды.

«Бүгінде бұл қарқын 2015 жылы да, 2020 жылға дейін де сақталады деп отырмыз. Сонымен қатар, қазіргі кезде өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы жасалған. Онда коммуникацияны санамағанда, тек қана баспана салуға 887,6 млрд. теңге қарастырылған», - деп толықтырды депутат.