Қазақстанда 2016 жылға болжанған ЖІӨ-нің өсімі 2,1 пайыздан 0,5 пайызға дейін төмендеді - Е.Досаев

«Үкіметтің алдыңғы отырысында еліміздің 2016 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа болжамын бекіттік. Сондықтан, мына параметрлердің өзгерісі болжанып отыр. Біріншіден, курсты өткен жылдың қарашасында бекітілген 300 теңгеден 360 теңгеге өзгертеміз. Мұнайдың жылдық орташа бағасын өзгертеміз, оны халықаралық қаржы ұйымдарының, инвестициялық банктердің, мұнай мен газ саласындаңы сарапшылардың болжамына сай, бір баррель мұнайдың бағасын 40 доллардан 30 долларға төмендетеміз. Осыған байланысты, біз экономиканың өсіміне байланысты болжамды да өзгертеміз. Егер, естеріңізде болса, бір баррель мұнайдың бағасы 40 доллар деп алған кезде, жалпы ішкі өнімнің өсімі 2,1 пайыз болады деп болжаған едік, ал консервативті сценарий бойынша, биыл жалпы ішкі өнімнің өсімі (бір баррель мұнайдың бағасы 30 доллар деп болжанғанда) 0,5 пайызды құрайды деп болжап отырмыз. Біздің экономика әлі де жағымды аумақта», - деп түсіндірді Е.Досаев.
Министрдің айтуынша, 2016 жылы инфляция деңгейі бұрынғы 6-8 пайыз коридорында сақталады. Тау-кен байыту өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5 пайызға, өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 1,4 пайызға азаяды деп күтілуде. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс 3,5 пайызға өспек.