Қазақстанда 2016 жылға дейін бала туу деңгейі жоғары болады - Елбасы
АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2016 жылға дейін бала туу деңгейі жоғары болады. Бұл туралы бүгін Астанадағы Назарбаев Университетінде интерактивтік дәріс оқыған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Бүгінде қазақстандықтар жас, серпінді ұлт. Біздің азаматтарымыздың орташа жасы 35 жастан аспайды. 2005 жылы басталған демографиялық жарылыс болжам бойынша 2016 жылға дейін жалғасады. Балалар саны өткен жылдарға қарағанда 1,5 есе көп болады. Қазақстанда өткен жылы бірінші сыныпқа 10 мың бала, ал осы жылы 12 мың бала барды. Яғни, ұлт жас әрі халықтың табиғи өсуі жолымен көбейіп келе жатыр», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президентінің пайымынша, міне осы балалар Қазақстанның болашағының негізін қалайтын болады. Қазірдің өзінде олардың толыққанды дамуы үшін барлық жағдайды жасау қажет.
«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан халқы Ассамблеясының 19-сессиясында мен мемлекеттік жастар саясатын күшейту туралы тапсырма берген едім. Қазіргі уақытта Жастар ісі комитеті құрылды. Барлық өңірлерде Жастар ісі жөніндегі басқармалар құрылуда. 2020 жылға дейінгі жастар саясаты жөніндегі тұжырымдама әзірлену үстінде», - деді Н.Назарбаев.
Осы ретте Мемлекет басшысы жас қазақстандықтар азаматтық тек қана құқық емес, ең бастысы өзі үшін, отбасы және ортақ Отанымыз - Қазақстан үшін ұлы жауапкершілікте екендігін есте сақтауы қажет.