Қазақстанда 2017 жылы ҮЕҰ-дың мәліметтер базасы жұмысын бастайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру мақсатында 100 нақты қадам - Ұлт жоспарын орындау үшін 2015 жылы Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың қызметін реттейтін заңнамаларға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын.

Сол өзгерістерге сай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-әрекет орнату жөніндегі үйлестіру кеңесі бірқатар уәкілеттікке ие болса, гранттар мен премиялар түрінде ҮЕҰ-ларды қаржыландырудың жаңа формалары тәжірибеге ене бастады. Үкіметтік емес ұйым жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін 2016 жылы Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасы құрыла бастады. Енді еліміздегі әрбір коммерциялық емес ұйымға қойылатын талап - олардың қызметі осы бірыңғай мәліметтер базасына енгізілуі керек. Бұл жаңалықтар туралы, яғни, ҮЕҰ-дың мәліметтер базасын құру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар жөніндегі комитеттің өкілі Василий Порубаймех толығырақ әңгімелеп берген еді.

«Біріншіден, 2015 жылдың 2 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ҮЕҰ қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы қабылданды. Бұл заң арқылы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» және «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заңға, сондай-ақ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне өзгерістер енгізілген болатын. Атап айтсақ, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңның 41 бабына 5-пункт енгізілді, яғни, бұл пунктке сәйкес, коммерциялық емес ұйымдар жыл сайын 31 наурызға дейін ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға өз қызметі туралы, соның ішінде, өздерінің құрылтайшылары, мүлігі, қаржысының қалыптасу көзі мен шығын көзі туралы толық ақпарат ұсынып отыруы керек. Осылайша, ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган толық ақпаратты ары қарай ҮЕҰ-лардың мәліметтер базасына тапсырады»,-деп түсіндірді В.Порубаймех.

«Ал, ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган кім болады?» деген сұрағымызға жауап бере келе ол: - бұл функция өз ережесіне сәйкес, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жүктеліп отыр. Ал, министрлік ішінде, ҮЕҰ-лармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша біздің комитет жұмыс істейді,-деп жауап берді.

Сондай-ақ, маманның айтуынша, жоғарыдағы өзгерістерге сәйкес, «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заң енді «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар мен премиялар туралы» заң деп аталады екен.

«Тағы бір түсіндірер жайт, Мәдениет және спорт министрінің бұйрығына сәйкес, үкіметтік емес ұйымдар өзінің қызметі туралы ақпаратты уәкілетті органға пошта арқылы немесе қосымша хат арқылы жібере алады. 2016 жылдың 31 наурызына дейін барлық үкіметтік емес ұйымдар 2015 жылғы қызметі туралы мәліметтерді жіберуі керек»,-деп түсіндірді комитет өкілі.

Егер де ұйымыңыз туралы мәліметті поштамен жолдайтын болсаңыз, хатты 31 наурызға дейін жіберіп қою керек. Мәліметтер жазылған хат министрлікке сәуір айында жетуі мүмкін, бірақ, конверттің сыртында хаттың наурызда жөнелтілгені расталатын штамп болса, бұндай құжат қабылданады.

«Мәліметтер базасы 2017 жылдан іске қосылады. Үкіметтік емес ұйымдар 2017 жылдан бастап өздерінің қызметі туралы өзгерісті порталдағы жеке кабинеті арқылы қосып отыра алады. Порталдағы жеке кабинетке кіру үшін Халыққа қызмет көрсету орталығынан электронды қолтаңба алу жеткілікті. Жалпы, Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасы әртүрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда ҮЕҰ-лармен ынтымақтастықты бір ізге салу үшін өте керекті ұйым болмақ. Ең бастысы, бұл жаңалық жұмыс істемейтін коммерциялық емес ұйымдарды жоюға мүмкіндік береді»,-деп түйіндеді сөзін Василий Порубаймех.

Соңғы жаңалықтар
telegram