Қазақстанда 2018 жылдан бастап ғарыш аппараттары өндірісі толыққанды іске қосылады - М.Молдабеков

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2018 жылдан бастап ғарыш аппараттары өндірісі толыққанды іске қосылады. Бұл туралы бүгін Алматыда «Ионосфера институты» еншілес жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өтіп жатқан Халықаралық «Алдыңғы қатарлы ғарыштық зерттеулер мен технологиялар» ғылыми-тәжірибелік семинар-отырысы барысында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, осы мақсатта Астана қаласының маңында Қазақстанның жаңа Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы құрылатын болады. «Қазір бұл жерде ғарыштық техникалар мен аппараттарды құрастырушы-сынақ кешені салынып жатыр. Бұл ТМД аумағында теңдесі жоқ кешен болмақ. Жалпы, орталықтың құрамында арнайы конструкторлық-технологиялық бюро, тәжірибелік өндіріс және құрастырушы-сынақ кешені болады. Болашақта ғарыштық жобалар осы бюрода әзірленіп, тәжірибелік өндірісте құрастырылып, құрастырушы-сынақ кешенінде сынақтан өткізіледі. Бюро мүшелерінің құрамын қазір түгендеп жатырмыз. Оның құрамына негізінен Ресей, Украина және басқа да шет елдерде білім алып, Франция мен Англияда тағлымдамалардан өтіп келген отандық жас дарынды мамандар енетін болады», - деді өз сөзінде М.Молдабеков. Ол сонымен қатар әзірге орталықтан құрастырылып шығарылатын ғарыштық техникалар мен аппараттардың құрамдас бөліктерінің 55 пайызы Қазақстанда жасалатындығын жеткізді. «Әзірге жасанды жер серіктерінің құрамдас бөліктерін толығымен Қазақстанда жасау мүмкін емес. Тек 55 пайызы өндіріледі. Мұның өзі үлкен жетістік. Бұл үшін франциялық әріптестерімізден ғарыштық аппараттардың құрамдас бөліктерін өндіруге арналған технологияларды аламыз. Сөйтіп, орталықта осы бағытта қазақстандық-француздық бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейтін болады. Кешен 2017 жылдың соңына қарай пайдалануға беріліп, 2018 жылдан бастап ғылыми әзірлемелерден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі бүкіл технологиялық желі іске қосылады», - деді М.Молдабеков. Айта кетелік, аталмыш орталық Елбасының тапсыруымен Астана қаласының маңында халықаралық әуежайға бара жатқан жолда 30 гектар жерде бой көтереді.

Соңғы жаңалықтар