Қазақстанда 2018 жылы өнеркәсіп өндірісі 4,1 пайызға өсті
2018 жылғы көрсеткіш бойынша 2017 жылмен салыстырғанда шикі мұнай, табиғи газ және металл кендерінің өндірісі ұлғайған. Тамақ өнімдері, темекі бұйымдары, мұнай өңдеу мен химиялық өнеркәсіп өнімдері, резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі, металлургия өнеркәсібі және көлік жасау өнімдері өндірісінің көлемі өскен. Ал қара металлургия өнімдерінің өндірісі төмендеген.
Атап айтқанда, есеп беріліп отырған кезеңде газ конденсатын қоса алғанда мұнай өндіру көлемі 90,4 млн тоннаны (2017 жылмен салыстырғанда 4,8 пайызға артқан), мыс кенінің өндірісі - 103,2 млн тоннаны (+ 8,6 пайызға) құраған. Бензин өндірісі 4 млн тонна (+ 29,8 пайыз), газ өндірісі 4,7 млн тонналық (+ 7,4 пайыз) дейгейге жеткен. Ал жазық болат өндірісінің көлемі 2,5 млн тоннаға жетсе (-10,5 пайыз), тазартылған мыс - 0,4 млн тоннаны (+ 2,8 пайыз), портландцемент 9,9 млн тонна (+ 5,5 пайыз), электр қуаты - 107,1 млрд КВт/сағ (+ 3,8 пайыз) және ұн - 4 млн тоннаны (+ 0,7 пайыз) көрсеткен.
Өнеркәсіптік өнімдердің өндіріс көлемінің өсуі республиканың 14 өңірінде байқалып отыр.