Қазақстанда 2020 жылға дейін 7 мың шақырымға тарта автожолдар ақылы болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2020 жылға дейін 7 мың шақырымға тарта автожолдар ақылы болады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының отырысында «ҚазАвтожол» ҰК Басқарма Төрағасының орынбасары Ұлан Әліпов мәлім етті.
None
None

«ҚазАвтожол» өкілінің айтуынша, Астана-Бурабай ақылы автожолы 2013 жыл іске қосылған. Сол жартыжылдықта 600 млн. теңге түссе, 2014 жылы - 1 млрд. 200 мың теңге, ал 2015 жылдың басынан бері 700 млн. теңге шамасында қаржы түскен. Қаражат жолды күтіп ұстауға толық кетіп, ақылы жол өзін-өзі қамтамасыз етуде.

«Алдағы уақытта біз 2020 жылға дейін республикадағы 7 мың шақырымға жуық жолдарды ақылы негізге өткізуді жоспарлаймыз. Ақылы жолдардың арқасында біз ақысыз жолдарды да күтіп ұстайтын боламыз, яғни бірінің табысын екіншісіне алмастыру жағын ойластырудамыз», - деді сенаторлар сауалына жауап берген Ұлан Әліпов.

Айта кетерлігі, Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиатасымалды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Құжат бойынша еліміздегі автомобиль жолдарын басқару жөніндегі Ұлттық оператордың («ҚазАвтоЖол» ҰК-ред.) автомобиль жолдарын күтіп-ұстаудағы және жол сервисін дамытудағы жауапкершілігін бекіту бойынша қызметті жетілдіру қарастырылады. Сонымен қатар, Ұлттық операторға қаржыландырудың балама көздерін тарту және біртіндеп өзін-өзі қаржыландыруға көшу мүмкіндігі беріледі.

Бұдан бөлек, Азиядан Еуропаға транзиттің кедергісіз өтуіне әсер ететін «Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізі» атты мультимодалды көлік дәлізін құруға жағдайлар жасалады. Мұның өзі «Нұрлы жол» бағдарламасында қамтылып отыр әрі бұл Қытайдың «Жібек жолының» экономикалық белдеуі жобасымен үйлеседі.

Соңғы жаңалықтар