12:40, 04 Желтоқсан 2015 | GMT +5
Қазақстанда 2020 жылға дейін барлық тұрғын үйлерде жылуды есепке алу құралы орнатылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда таяу 5 жылда барлық тұрғын үйлер жылуды есепке алу құралымен жарақталады. Бұл туралы ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин Орталық коммникация қызметіндегі брифингте мәлім етті.
«Аспап орнату мәселесі бүгінде аса маңызды. Жылу энергиясын үнемдеу мақсатында есепке алу құралы бойынша қызметтерді тұтынуды есепке алуды қамтамасыз ететін тиісті тетік әзірленді. Бұл жұмыс таяу бес жылда аяқталады деп жоспарлануда», - деді журналистердің сұрақтарына жауап берген С. Жұманғарин. Оның айтуынша, қазіргі уақытта әртараптандырылған тарифтер елдің көп бөлігінде яғни, Қазақстанның 11 өңірінде: Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Атырау, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Қызылорда, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарында қолданылады. «Бүгінде аспаптармен жабдықтау ел бойынша 43,6 пайызды құрайды. Бұл ретте Астанада 99,84 пайыз қамтылған», - деп нақтылады ол.