Қазақстанда 2022 жылға дейін 7 мың шақырым автожолда ақылы жүйе енгізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2022 жылға дейін 7 мың шақырым автожолда ақылы жүйе енгізіледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «ҚазАвтоЖол» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ұлан Әліпов мәлім етті.
«Біздің компанияның алдында жолдарды салумен қатар, оларды сапалы түрде күтіп ұстау міндеті жүктелген. Қазіргі уақытта жолдарды күтіп ұстауға 13 млрд. теңге бөлінеді. Бірақ та қаржыландырудың нормативі бойынша жолдардағы бұл мақсатқа 43 млрд. теңге қажет. Біздің жоспар бойынша жолдардың сапасын сақтап тұру тек бюджеттік қаржының есебінен ғана емес, сондай-ақ ақылы жолдармен жүргені үшін жасалған төлем қаржысы есебінен жүзеге асырылады. Ақылы жол бойынша бізде тиісті тәжірибе бар, сондықтан да біз осындай жолдарды арттырмақпыз. Кестеге сәйкес, 2022 жылға дейін 7 мың шақырым жол ақылы негізге көшіріледі»,-деп тоқталды Ұ. Әліпов.
Компания мәліметінше, 2016 жылы «Астана-Атбасар» жолында жүк көліктері үшін, ал «Қызылорда-Шымкент» жолында барлық көлік түрлеріне ақылы жүйе енгізілмек.