Қазақстанда 2024 жылы креативті индустрия бойынша қазақ-италия мәдениет орталығы ашылады

Аида Балаева
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Италияның Қазақстандағы Елшісі Марко Альбертимен кездесті, деп хабарлайды Kazinform министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, кездесу барысында Аида Балаева Қазақстан Еуропа елдерімен мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті.

«Қазақстан үшін «Венеция биенналесі – 2024» ауқымды шарасына қатысу маңызды оқиға болмақ. Ұлттық павильон аясында суретшілеріміздің жұмыстарының көрмесімен қатар өнер саласында шеберлік сабақтарын өткіземіз. Аталған мәдени алаң қазақстандық шеберлер мен таланттардың шығармашылығы мен өнері арқылы еліміздің тарихи-мәдени мұрасымен жақсырақ танысуға мүмкіндік береді», - деді министр.

Елші Марко Альберти 2023 жылы Алматыда италиялық мәдени орталық, сондай-ақ Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы тұңғыш Мәдениет институты ашылғанын кезегінде атап өтті.

«Мәдениет институтының негізгі мақсаты – жаңа шығармашылық таланттарға назар аудара отырып, италия тілі мен мәдениетін насихаттау. Біз осыған байланысты Қазақстанның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа ерекше қызығушылық танытып отырмыз. Олармен бірлесіп 30 бастаманы жүзеге асыруға ниеттіміз. 2024 жылы Қазақстанда креативті индустрия бойынша қазақ-италия мәдениет орталығын ашуды жоспарлап отырмыз», - деді Елші.

Соңғы жаңалықтар
telegram