Қазақстанда 2025 жылға дейін 11 мың шақырым жол жөнделеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліпов «Нұрлы жол 2» бағдарламасы бойынша қызу жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл біздің елде жөндеу жұмыстарымен 4 мың шақырым жол қамтылды. Жалпы «Нұрлы жол 1» және «Нұрлы жол 2» бағдарламасы бойынша жоспарды орындап келеміз. Яғни 2015-2020 жыл аралығында «Нұрлы жол 1» бағдарламасы бойынша жұмысты аяқтап, 13 мың шақырым жолды қайта жөндеуден өткіздік. 8 мың шақырым жолды І және ІІ санатты жолдардың қатарына енгіздік. Биылдан бастап «Нұрлы жол 2» бағдарламасы басталды. Бұл жолы 2020-2025 жылға дейінгі аралықта жол жөндеу жұмыстары басталады. Оған сәйкес жалпы 24 мың шақырым жолды «жақсы» және «қанағаттанарлық» жағдайға жеткізуді көздейміз. Оның ішінде жолдың 60 пайызы І және ІІ санатқа енгізіледі», - деді Ұлан Әліпов «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының тікелей эфирінде сөйлеген сөзінде.

Компания басшысының айтуынша алдағы бес жылдың ішінде 11 мың шақырым жол жөнделеді.

«Биыл 2600 шақырым жолды асфальтты-бетонды жабындымен жапсақ дейміз. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Атап айтқанда Қарағанды – Балқаш – Алматы жолдары осы жабындымен қамтылады. Қазір осы аралықта қызу жұмыс жүргізілуде. Ақтөбе – Атырау – Астрахань жолында да жұмыс қарқынды. Ұзынағаш – Отар, Қарабұтақ – Комсомольская – Денисовка – Қостанай, Үшарал – Достық, Нұр-Сұлтан – Петропавл, Таскескен – Бақты, Талдықорған – Өскемен, Мерке - Бурылбайтал жолында да жөндеу жұмыстары жалғасуда», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар