Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда 2026 жылға жоспарланған 10 ЖЭК жобасының 7-еуі іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM - Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша жұмысты жалғастырып келеді. Биыл елімізде жалпы қуаты 245 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 10 нысанын пайдалануға беру жоспарланған.

энрегетика
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі таңда 212 МВт болатын 7 нысан пайдалануға берілді.

Пайдалануға берілген нысандардың қатарында:

•Қостанай облысында қуаты 50 МВт «Aspan Energo» ЖШС жел электр станциясы;

•Маңғыстау облысында қуаты 20 МВт «Stellar Energy» ЖШС күн электр станциясы;

•Қостанай облысында қуаты 22,6 МВт «Altyn Solar Energy» ЖШС күн электр станциясы;

•Жетісу облысында қуаты 20 МВт «Jetisu Terra Power» ЖШС күн электр станциясы;

•Қарағанды облысында жалпы қуаты 100 МВт болатын «Гиперборея» ЖШС-нің үш жел электр станциясы бар.

Биылғы жылдың соңына дейін Қызылорда облысында қуаты 30 МВт «Альхена» ЖШС-нің екі күн электр станциясы жобасын, сондай-ақ Түркістан облысында қуаты 3,2 МВт «Тауэнерго» ЖШС-нің шағын гидроэлектр станциясын салуды аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

-ЖЭК жобаларын іске асыру еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанның энергия теңгеріміндегі экологиялық таза генерация үлесін арттыруға ықпал етеді,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, осыған дейін энергетика министрлігі көмір жеткізілімдерін мониторингтеудің бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосты.