Қазақстанда 2029 жылға дейін 4,3 ГВт жаңа электр қуаты іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2028-2029 жылдары жалпы қуаты 4,3 ГВт болатын дәстүрлі электр генерациясы нысандарын іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Энергетика министрлігі.
Ведомство электр энергетикасын дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын әзірледі. Құжатта жаңа электр өндіру қуаттарын кезең-кезеңімен іске қосу көзделген.
Жоспардың негізгі мақсаты – елдің энергетикалық әлеуетін арттыру, электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету, сондай-ақ дәстүрлі және жаңартылатын энергетиканы қатар дамыту.
Министрліктің мәліметінше, 2028 жылы 2 ГВт дәстүрлі генерацияны іске қосу жоспарланған.
Атап айтқанда, Тараз, Атырау және Ақтөбе қалаларында бу-газ қондырғылары салынады. Сондай-ақ Екібастұз ГРЭС-2 станциясында №3 энергоблоктың құрылысы көзделген.
Бұдан бөлек, «Қарағанды Энергоцентр» нысанында қазандық агрегаты мен турбоагрегат салу, «Kazakhmys Energy» БТЭЦ-інде және осы компанияның жылу электр орталығында қазандықтар мен турбоагрегаттар орнату жоспарланып отыр.
Ақсу ГРЭС-інің энергоблогын кеңейту және жаңғырту жұмыстары да осы кезеңде жүзеге асырылмақ.
– Жоспар энергетикалық жүйенің қолда бар қуатын арттыруға, электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге, сондай-ақ дәстүрлі генерация мен жаңартылатын энергия көздерін одан әрі дамытуға бағытталған, – делінген министрлік хабарламасында.
2029 жылы тағы 2,3 ГВт дәстүрлі генерацияны іске қосу жоспарланған.
Осы кезеңде Өскемен жылу электр орталығында турбоагрегат пен қазандық агрегаты салынады. Атырау ЖЭО-да бес газ-турбиналық қондырғы, ал «Батыс Пауэр» ЖШС нысанында екі газ-турбиналық қондырғы іске қосылады.
Сонымен қатар Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу, Екібастұз ГРЭС-3 станциясының бірінші энергоблогын пайдалануға беру жоспарланған.
Дәстүрлі энергетикамен қатар жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да басымдық беріліп отыр.
2028 жылы жалпы қуаты 2,2 ГВт, ал 2029 жылы 2,8 ГВт болатын жаңартылатын энергия нысандарын іске қосу көзделген.
Осылайша, екі жылда дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері есебінен жалпы 9,3 ГВт жаңа генерациялайтын қуат енгізу жоспарланып отыр.
Министрліктің болжамынша, аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде елдің электр өндіру қуаты едәуір артып, 2029 жылы Қазақстанның энергетикалық жүйесі тұрақты профицитке шығуы тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Екібастұз ГРЭС-2 станциясында жаңа энергоблоктардың құрылысы бекітілген кестеден кешігіп жатқаны хабарланған. Жоба аясында үшінші және төртінші энергоблоктарды іске қосу көзделген.