Қазақстанда 2030 жылға дейін электр көліктеріне арналған 250 жаңа қуаттау станциясы салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2030 жылға дейін электр көліктеріне арналған 250 жаңа қуаттау станциясы салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
Халықаралық энергетика агенттігінің болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай электромобильдердің әлемдік автокөлік нарығындағы үлесі 40 пайыздан асады. Жаһандық автоөнеркәсіп саласы да белсенді түрде электр жүк көліктерін пайдалануға көшіп жатыр.
Қазіргі уақытта еліміздің негізгі республикалық жолдарының бойында 70-ке жуық электр қуаттау станциясы жұмыс істейді. Ал жақында Car Park Transformer компаниясымен 2030 жылға дейін жол бойындағы сервистік аймақтарда тағы 250 станция салу жөніндегі инвестициялық келісім жасалды.
— Алдағы уақытта да жаңа инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, тиісті инфрақұрылымды белсенді дамыту қажет. Көлік министрлігіне Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, электр қуаттау станцияларының желісін дамыту үшін ірі халықаралық компанияларды тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырамын, — деді Олжас Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Премьердің айтуынша, елімізде электромобильдерге арналған аккумуляторлар өндірісінің жаһандық тізбегіне ықпалдасу үшін қажетті шикізат қоры бар.
— Аккумулятор өндірісінде аса маңызды — сфералы графит шығаратын ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Өнеркәсіп министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жобаның уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуге тиіс, — деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ жуырда Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасына жасаған сапары барысында аккумулятор өндірісінде әлемдік көшбасшы саналатын CATL компаниясының басшылығымен кездесті.
— Компания еліміздің аумағында жоғары технологиялық өндірісті іске асыру ниетін растады. Барлық уәкілетті орган аталған жобаны жүзеге асыру барысын ерекше бақылауда ұстауы қажет, — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Олжас Бектенов 10 күн ішінде елге автокөліктерді заңсыз әкелудің жолын кесуге бағытталған кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, биыл елімізде 190 мың автокөлік шығарылады.
Қазақстанның 19 оқу орнында автоөнеркәсіп мамандары даярланып жатыр.