Қазақстанда 22 млн. тоннадан астам астық бастырылады - АШМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл 22 млн. тоннадан астам астық жиналады деп болжануда.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлім етті.
«Тамыздың үшінші онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде астық ору науқаны басталды. 20 қыркүйектегі жағдай бойынша, 11 млн. 100 мың гектар, яғни астық дақылдары егістерінің 72 пайыздан астамы жиналды. Атап айтқанда, 16,5 млн. тонна астық бастырылып, гектарынан өнім шығымдылығы 14,9 центнерді құрап отыр. Бұл өз кезегінде өткен жылғы деңгейден 3,4 пайызға жоғары»,-деді Қ. Айтуғанов.
Сонымен қатар ол, оңтүстік өңірлерде масақты дақылдардың орағы аяқталуға жақындағанын жеткізді.
«Батыс Қазақстан облысында егін орағы аяқталды, ал Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында орылуы тиіс алқаптардың 76-дан 88 пайызға дейінгі көлемі жиналды»,-деді ол.