Қазақстанда 23 мың кәсіпкер бизнесін ғаламтор арқылы тіркеген
АСТАНА. ҚазАқпарат - 23 005 заңды тұлға бизнесті онлайн тіркеу жөніндегі ҚР электрондық үкіметінің қызметін пайдаланды, деп хабарлайды Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен. Бұл ретте ағымдағы жылдың бірінші айында ғаламтор желісі арқылы 1500-ден астам заңды тұлға тіркелген.
«Кәсіпкерлерге өзінің бизнесін тіркеу үшін мемлекеттік органға барудың қажеттілігі жоқ екендігін еске салған жөн. Бүгінгі күні электрондық түрдегі барлық рәсімдер бір күннен аспайды және ешқандай қосымша құжаттарды талап етпейді. Салыстыру үшін - бұрын өтініш беруші адам мемлекеттік органға 5 және одан да көп құжаттармен келетін және тіркелу үшін деректердің тексерілуін 5 күннен 30 күнге дейін күтетін. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландырудың арқасында тіркелу рәсімдерін жылдамдатуға мүмкін туды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, электрондық үкіметтің АХАТ-қа онлайн-өтінішті беру қызметі үлкен сұранысқа ие. Мысалы, қазіргі таңда 50 000-нан астам жұп некені тіркеуге өтінімдерін еgov.kz арқылы берді, оның ішінде 3 000-ға жуығы - 2014 жылдың қаңтарында өтінім берген.
Интернет арқылы сотқа 27 000-нан аса өтініш берілді және жылдың басынан бастап мыңға жуық шағым е-өтініштер сотқа жөнелтілді.
Азаматтар көбінесе өзінің дербес деректері туралы анықтамаларды алу жөніндегі қызметтерді жиі пайдаланады. Е-үкімет порталы арқылы жылжымалы мүлігінің бар немесе жоқ екендігі туралы 40 миллионға жуық анықтамалар, 15 миллионға жуық мекенжай анықтамалары, 3 миллион зейнетақы аударымдары туралы анықтамалар берілді.
Порталда барлығы 233 электрондық қызмет пен сервис қолжетімді (134 қызмет және 99 сервис), олардың ішіндегі 27 қызмет 2013 жылы іске қосылды.