Қазақстанда 300-350 мың отбасы бедеуліктің азабын тартып келеді - доктор С.Байқошқарова
АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанда қолдан ұрықтандыру қызметі тым қымбат болып тұр. Ал бедеуліктің азабын 300-350 отбасы тартып келеді.
Бүгін Астанада басталған «Бедеулікті анықтау мен емдеудегі өзекті мәселелер. Қосалқы репродуктивті технологиялар» тақырыбындағы V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова мәлім етті.
Оның хабарлауынша, осыдан үш жыл бұрын мемлекет тарапынан экстракорпоралды ұрықтандыруға 100 квота бөлінсе, ағымдағы жылы оның саны 600-ге дейін жетті. «Алдағы уақытта қолдан ұрықтандырудың тегін қызметін 750-ге дейін жеткізу көзделген. Алайда оның өзі аздық етеді. Себебі қазіргі мәліметке сәйкес, 300-350 мың отбасы бедеуліктің азабын тартып келеді. Олардың 30 пайызы тегін квотаға зәру», - дейді С.Байқошқарова. Ғалым атап көрсеткендей, Қазақстанда мемлекеттік қызмет бойынша бір экстракорпоралды ұрықтандырудың бағасы 737 мың теңгені, яғни 5 мың долларды құрап отыр. Ал Израильде ондай қызметтің бағасы 2,5-3 мың долларға тең. «Ал ол елде қолданылатын дәрі-дәрмектер бізде де бар. Сондықтан Қазақстанда қолдан ұрықтандыру қызметінің бағасын арзандатуға мүмкіндік жетерлік. Дегенмен, баланы армандайтын қазақстандық отбасылар әлі күнге дейін екі есе көп шығындалуға мәжбүр», - дейді дәрігер.
Айта кетейік, 1996 жылы «Экомед» емханасында биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарованың қатысуымен Қазақстанда «пробиркадағы бала» алғаш рет дүниеге келді. Биыл ол 17 жасқа толады. Бүгінде қолдан ұрықтандыру орталықтары Астана, Алматы, Тараз. Шымкент, Ақтөбе және Петропавл қалаларында жұмыс істейді.