Қазақстанда 303 мың адам психикалық кеселмен есепте тұр - дәрігер

дәрігер
Фото: Нәби Есімовтың жеке мұрағатынан

Адамның ақыл-есін бұзып, психикалық ауытқу меңдейтін, ой-өрісінің дамуын тежейтін психикалық дерттің бірнеше түрі бар. Соның арасында психобелсенді заттарды тұтынушылар көш бастап тұр. Бұл туралы Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директорының орынбасары Нәби Есімов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Оның айтуынша, орталыққа кеңес алуға келген барлық азамат жайлы ақпарат құпия сақталады.

Маскүнемдік, нашақорлық пен түрлі психикалық дерт мазалаған тұрғындарға орталық мамандары медициналық көмек көрсетіп, кеңес береді.

Елімізде психобелсенді заттарды тұтыну салдарынан психикалық кеселге шалдыққан 108 мыңнан астам науқас динамикалық бақылауға алынған.

Психиатрлар олардың денсаулығын жүйелі түрде бақылап, медициналық, психологиялық көмек береді.

76 мыңға жуық науқас ақыл-ой кемістігі, 58 мың тұрғын органикалық психикалық бұзылыстары, 44 мың науқас шизофрения, сандырақтау сияқты дертпен тіркелген.

«Психобелсенді заттарды тұтынған науқастардың жүрісінде, психикасында бұзылыс пайда болады. Оның бірнеше түрі бар және ағзаға зияны өте орасан зор. Полиорганды патология шақыруы мүмкін, ағзаның улануы, ең бастысы науқас оған тәуелді болып, құлына айналады. Синтетикалық есірткіні күнде іздейді. Сатып алу үшін түрлі айла-амалға барады. Сандырақтайды. Түрлі елес көріп, өзінен-өзі үркіп, психикалық ауыр соққылар алады.Сондықтан бұл — өте қауіпті кесел», - дейді Нәби Есімов.

Маманның сөзінше, есірткіге тәуелді науқастардың басым бөлігі — 25 жасқа дейінгі жастар.

«Психикалық денсаулық орталығында науқасты байлап, қамап тастайды» деген ел арасында жиі айтылатын пікір де шындыққа жанаспайды.

Кез келген маман емделушіден жазбаша келісім алғаннан кейін сұхбат, әңгімелесуді бастайды.

Айта кетейік, Қазақстанда қалалық, облыстық психикалық денсаулық орталықтарында 303 284 адам динамикалық бақылауда тұр.

Оның 200 мыңға жуығы (195299) психикалық, 35,6% (107985) наркологиялық дертке шалдыққан.

Соңғы жаңалықтар