Қазақстанда 31 елдің азаматы емделді

Ведомствоның ақпаратына қарағанда, бүгінде Қазақстанның медициналық қызметіне жүгінетін шетел азаматтарының қатары артып келеді. Мәселен, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-ның клиникаларында бұған дейін Ресей мен Қырғызстан азаматтары ғана ем алса, бүгінде олардың қатарын АҚШ, Жапония Италия елдерінен келетін емделушілер қатары толықтыруда.
«2013 жылы 832 шетелдік азаматқа медициналық қызмет көрсетілді. Олардың арасында Қазақстанның, сонымен қатар ТМД елдерінің аумағында жұмыс істейтін адамдар бар», - делінген министрлік ақпаратында.
Сонымен, ведомство ақпаратына сәйкес елімізде Ұлыбританияның 260, АҚШ-тың 111, Қырғызстанның 51, Түркияның 50, Ресейдің 44, Болгарияның 35, Шри-Ланканың 23, Филиппиннің 27 азаматы ем алған. Бүгінде Қазақстан клиникаларынан әлемнің 31 мемлекетінің азаматтары ем алып үлгерді.
Сонымен қатар министрлік ақпаратына қарағанда, Қазақстанда шетелдік клиника жоқ. Бірақ, шетелдік инвесторларды және клиника мамандарын тартуға мүмкіндік беретін мемлекеттік-жеке серіктестік даму үстінде.
Айта кетерлігі, «PatientsВeyondВorders» журналының деректеріне қарағанда, жыл сайын әлемнің шамамен 8 млн. тұрғыны шетелде емделеді екен.