Қазақстанда 3,4 млн адам тегін дәрі-дәрмек алады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда кейінгі 7 жылда тегін амбулаториялық дәрі-дәрмек алатындар саны 1,9 млн-нан 3,4 млн адамға дейін артты. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде мемлекет есебінен берілетін дәрі-дәрмекпен елдегі әрбір алтыншы тұрғын қамтылып отыр.
– Егер 2018 жылы тегін дәрі-дәрмекпен 1,9 млн адам қамтамасыз етілсе, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,4 млн азаматқа жетті. Кейінгі жылдары амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі айтарлықтай кеңейді, - деді Тимур Мұратов.
Сонымен қатар осы бағытқа бөлінетін қаржы көлемі де бірнеше есе ұлғайған.
– 2018 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 87,2 млрд теңге бөлінсе, 2026 жылы бұл көрсеткішті 337 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұған инфляциялық үдерістермен қатар, қымбат тұратын инновациялық препараттардың тізімге енгізілуі де әсер етті, - деді вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін елде 1 миллиардқа жуық дәрілік зат қаптамасы таңбаланғаны хабарланған еді.