Қазақстанда 3,8 трлн текше метр дәлелденген газ қоры бар

Запасы газа
Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геология комитетінің мәліметінше, елімізде газдың дәлелденген қоры — 3,8 трлн текше метр. 

Оның ішінде ілеспе (еріген) газ — 2,2 трлн текше метр, ал табиғи (еркін) газ — 1,6 трлн текше метр. 

Алайда British Petroleum Қазақстанда табиғи газдың дәлелденген қорының көлемі 2,3 трлн текше метр екенін мәлімдеп отыр. Бұл — әлемде 15-орында тұрған көрсеткіш. 

Осылайша Қазақстанға табиғи газдың бүкіләлемдік көлемінің 1,2% тиесілі. 

Салыстырсақ, газ қоры бойынша көшбасшы елдер — Ресей (37,4 трлн текше метр), Иран (32,1 трлн текше метр) және Қатар (24,7 трлн текше метр). 

Өз кезегінде Энергетика министрлігі қос мәліметтегі айтарлықтай айырмашылықты түсіндірді. 

Ведомство жақында газдың қорын British Petroleum сияқты есептеу әдістемесіне көшіруді жоспарлап отырғанын хабарлады. 

«Көрсеткіштердің мұндай сәйкессіздігі Қазақстанның газ қорындағы ілеспе мұнай газының жоғары үлесінен де, республика жақын арада халықаралық стандарттарға көшуді жоспарлап отырған қорды есептеу әдістемесіндегі айырмашылықтан да туындады», — делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар