Қазақстанда 39 мың Ресей азаматы жұмыс істеп жатыр - министрлік

«Менде Қазақстан аумағына нақты қанша Ресей азаматының келгені туралы мәлімет жоқ. Дегенмен, елге келген ресейліктердің жұмысқа тұруы бойынша статистика жүргіземіз. Бүгінде елімізде 39 мың Ресей Федерациясының азаматы жұмыс істеп жатыр», - деді Ербол Оспанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, вице-министр Ресей азаматтарына арналған еңбек ережелеріне қатысты пікір білдірді.
«Құрамына 5 ел кіретін бірыңғай экономикалық аймақ бар. Оның ішіне Ресей Федерациясы да кіреді. Сондықтан да, ресейліктер үшін еңбек ережелерінде өзгеріс жоқ. Өз азаматтарымыз үшін де, ресейліктер үшін де қойылатын талап бірдей», - дейді ол.
Айта кетсек, бірер күн бұрын Қазақстанда 300 мыңға жуық Ресей азаматы жүргені туралы хабарланған еді.
«Жыл басынан бері Қазақстанға үш миллионға жуық ресейлік келді, ел аумағынан шыққандар саны да шамамен бірдей болды. Ресейде ішінара мобилизация жарияланғалы елімізге 837 мың ресейлік келді, 780 мың адам қайта кетті. Қазіргі уақытта елімізде 298 мың ресейлік бар, оның 30 мыңы еңбек биржасында тіркелген шарттарға сәйкес жұмыс істейді», - деген еді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов.