Қазақстанда 4,2 миллион адам темекі шегеді

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстанда «Жеңіл және еркін тыныс ал» атты ұлттық шарасы өтуде. Шара оныншы жыл қатарынан Дүниежүзілік обструктивті өкпе ауруларымен күрес күніне және Халықаралық темекі шегуден бас тарту күніне арналып ұйымдастырылып келеді.

Қазақстанда 4,2 миллион адам темекі шегеді

Бүгін соған орай саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен елордада созылмалы обструктивті өкпе ауруларының (СОӨА) алдын алуға арналған дөңгелек үстел мәжілісі өтті.

«Бұл шара қоғам мен дәрігерлердің назарын созылмалы обструктивті қолқа ауруларына аударту үшін жасалуда. Себебі бұл дертке шалдығатындардың саны қант диабетімен ауыратындардың санынан үш есе көп. Ал оны емдеу өкпе демікпесін емдеуге кететін шығыннан әлдеқайда көп шығынды талап етеді», дейді Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бас терапевт маманы Мейрамгүл Сағындықова.

СОӨА-ның адамға салдары өте ауыр. Дерт өкпе немесе қолқа бейдауасына ұласып кетіп жатады. «Былтыр Қазақстанда өкпе бейдауасы қатерлі ісік ауруларының ішінде бірінші орында болды. Биылғы жылы ол екінші орынға түсті. Дегенмен, өлім-жітім бойынша өкпенің қатерлі ісігі бірінші орынды берген емес», деп атап көрсетті Астана қаласы Онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Мұхтар Төлеутаев.

Оның басты себепкері - темекі шегу әдеті. Ресми деректерге сүйенсек, елде әрбір 3-ші азамат темекі шегеді. Олардың ішінде әрбір 10-шы СОӨА шалдыққан. Ал Әлемдік статистиканың мәліметтері бойынша, темекі шегетіндердің 82 пайызы өкпе бейдауасына душар болады. СОӨА дерті әлемдегі өлім-жітімнің 4-ші себебі болып табылады.

«Төрт жыл сайын Қазақстанда темекі шегушілердің статистикасы жасалады. Талдау көрсеткеніндей, 4 жыл аралығында шылымға әуестенгендердің саны 4 пайызға өсіп отырады. Темекі эпидемиясының дамуы үшін бұл аса жоғары екпін. Қазір елде халықтың үштен бірі, яғни 4,2 миллион адам темекі шегеді», деді «Темекі түтінінен таза Қазақстан үшін» атты ұлттық коалицияның директоры Жәмилә Садықова.

Астана қалалық мәслихатының шешімімен 2011-2013 жылдарға арналған жалпы бюджеті 60 млн. теңгені құрайтын «Астана - темекі түтінінен арылған қала» атты бағдарлама мақұлданды.