Қазақстанда 4 288 шағын жинақы мектеп бар - Ж.Түймебаев
Бұларда 405 мың бала оқиды. Бүгін елорданың №60 мектебінде өтіп жатқан республикалық семинар-кеңес барысында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Шағын жинақы мектептердің 18 пайызы күрделі жөндеу жұмыстарын талап етеді, ал 2 пайызы - тіпті апаттық жағдайда. Мектептердің көбісі пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілмеген. Мәселен, онда физика, химия, биология кабинеттері жоқ. Қазіргі заманға лайықты жабдықталған химия кабинеттері осындай мектептердің 12 пайызында, физика кабинеті - 30, ал лингафондық, мультимедиялық кабинеттер 16 пайызында ғана бар», деп атап өтті семинар-кеңес барысында министр. Ж.Түймебаевтың айтуынша, 948 мектепте асхана жоқ. «Соңғы 3 жылда шағын жинақы мектептер 143-ке немесе 3,3 пайызға, ал оқушылар саны 27 мыңнан астамға немесе 6,3 пайызға азайды», деді ол.
Сонымен қатар, министр ауылдық жерлердегі осындай мектептердің жағдайына да тоқталып өтті. «Шағын жинақы мектептердің көбісі, яғни 96,5 пайызы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Ауылдағы шағын жинақы мектептер білім беруден басқа, сондай-ақ кешенді әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешеді. Бұлар - халықтың мәдени деңгейінің көтерілуіне, демографиялық проблемаларды шешуге, экономиканың аграрлық секторын дамытуға көмектесу. Аталмыш факторлар, әсіресе ауылдағы шағын жинақы мектептердің маңыздылығын арттырады. Шағын жинақы мектептерге барлық қажетті қазіргі заман ресурстарын тарту керек. Бүгінде бұл мектептерде 2 850 ұстаз қызмет етеді», деп атап өтті Ж.Түймебаев.