Қазақстанда 400-ден астам кипрлік компания жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір елімізде Кипр капиталының қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Олардың отызға жуығы «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ-қа мәлімдемесінде айтты.

бизнес, кәсіпкерлік
Фото: Gov.kz

Президенттің айтуынша, бұл көрсеткіш елдеріміздің іскерлік және инвестициялық байланыстары дәйекті түрде дамып жатқанын көрсетеді. 

– Бүгін елордада Қазақстан-Кипр бизнес-форумы өтеді. Маңызды жиында екі елдің іскер топтары қатысады. Кипр кәсіпкерлері делегациясы осы форумға арнайы келді. Сол үшін Құрметті Президент мырзаға зор ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан өз нарығында жұмыс істеуге ниетті Кипр компанияларына қолайлы жағдай жасауға әрқашан дайын екенін еске салды. Ол Кипрдің іскер азаматтарын ұзақ мерзімге арналған инвестициялық жобаларды іске асыруға шақырды.

– Жақында елімізде жаңа Конституция қабылданды. Ата заңға сәйкес, Қазақстанда меншіктің барлық түріне кепілдік беріледі. Бас құжатымыз инвесторлардың құқығын барынша қорғайды. Оған қоса, кипрлық әріптестеріміз Қазақстанның «Алтын виза» бағдарламасын қолдана алады. Бұл визаны алған кәсіпкерлер мен мамандарға салық және көші-қон мәселелерінде жеңілдіктер ұсынылады, – деді Қазақстан Президенті.

Айта кетейік, 2-4 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидистің Қазақстанға ресми сапары өтеді. Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентін салтанатпен қарсы алды.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентін І дәрежелі Достық орденімен марапаттады.