Қазақстанда 48 инсульт орталығын ашу жоспарлануда
АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасының аясында 2011 жылы халықтың өмір сүру жасын ұзарту бойынша ауқымды шаралар қолға алынды, деп хабарлады Pm.kz сайтына берген арнайы сұхбатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева.
Өткен жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қан айналым жүйесі ауруларынан өлім-жітім санын төмендетіп, ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асырды.
«Осы жұмыстың аясында ана мен бала өлімінің көрсеткіштері айтарлықтай дәрежеде төмендеді», - деп атап өтті Ажар Төлеғалиева.
Сонымен қатар, 2012 жылы инсульт салдарымен күресуге қарсы жұмыстар атқарылатыны аталып өтілді.
«Халықтың қайтыс болуы мен мүгедектікке шалдығуын төмендету мақсатында бүкіл ел бойынша 48 инсульт орталығы құрылмақ», - деп толықтырды ол.
Ағымдағы жылы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында басталған барлық іс-шаралар жалғасын табады.
«Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың нәтижесінде біз қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 70 жасқа дейін жеткіземіз», - деп түйіндеді Департамент директоры.