Қазақстанда 490 мыңнан астам өтініш 1-сыныпқа онлайн берілді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жаңартылған Ұлттық білім беру деректер қоры арқылы 1-сыныпқа қабылдауға 490 мыңнан астам өтініш онлайн режимде берілді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ұлттық білім беру деректер қорын жаңғырту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Жиында Оқу-ағарту министрі мен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының Ұлттық білім беру деректер қорын жаңғырту барысы және оның негізінде Ұлттық білім беру платформасын дамыту жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстар туралы есептері тыңдалды.
Сондай-ақ Шымкент қаласы, Түркістан, Ақтөбе және Алматы облыстары әкімдерінің орынбасарлары өңірлердегі білім беру ұйымдарын цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жаңартылған жүйе арқылы 1-сыныпқа қабылдауға 490 мыңнан астам өтініш онлайн режимде берілген. Сонымен қатар техникалық, орта білімнен кейінгі және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау үдерісі толық автоматтандырылған. Нәтижесінде колледждерге 220 мыңнан астам талапкер оқуға түсті.
– Ұлттық білім беру платформасын енгізу халыққа білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды қамтамасыз етумен қатар, бюджет қаражатын едәуір үнемдеуге, үнемделген қаражатты білім беру саласындағы басқа да қажеттіліктерге бағыттауға мүмкіндік береді, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Айта кетейік, ел мектептерінде 5000-нан астам мұғалім жетіспейді.