Қазақстанда 5 маусым күні өтетін маңызды шараларға шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі елімізде 5 маусым күні өтетін маңызды шаралар легін ұсынады.
АСТАНА
Сағат 9.00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында «Қазақстан немістері. Адамдар, дәуір, оқиғалар» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Бұл шараны немістердің «Возрождение» қазақстандық бірлестігі» қоғамдық қоры ұйымдастырады.
Сондай-ақ 9.00-де Назарбаев Орталығында «Астана - бейбітшілік қаласы» атауымен халықаралық конференция өтеді.
Сағат 10.00-де «Үкімет үйінде» Үкімет отырысы басталады. Күн тәртібінде ҚР «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасын іске асыру барысы, Электрондық коммерцияны дамыту мәселелері, Қазақстанның VII азаматтық форумының ұсынымдарын іске асыру мәселелері талқыланады.
Сенатта сағат 10.00-де қаржы және бюджет жөніндегі комитеттің кеңейтілген отырысында 2017 жылғы респбликалық бюджеттің орындалуы жөнінде Үкімет пен республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің есептері қаралады.
Сағат 11.00-де ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде темекі өнімдеріне салық салу мәселесі бойынша ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың төрағалығымен сектораралық мәжіліс өтеді.
«Нұр Отан» партиясы орталық аппаратында сағат 12.00-де партия хатшысы Тамара Дүйсенованың қатысуымен бейнебайланыс режіміндегі комиссия отырысы өтеді. Шарада менингококк инфекциясына қатысты жағдай қаралады.
Сағат 13.00-де «Дәулет» спорт комбинатында Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін бокстан VI халықаралық турнирдің ашылуына орай баспасөз мәслихаты өтеді.
Сағат 13.00-де «Astana Marriott» қонақ үйінде Еуропалық қайта құру және даму банкі және «Kazakhstan project preparation fund» ЖШС («KPPF», «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес компаниясы) МЖӘ жобасын әзірлеуге 1 миллион еуро қаражат құрайтын келісімге қол қояды.
14.30-да Мәжілістің жалпы отырысы болады.
Сағат 15.00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Өткенді еске алу - болашаққа жол» атты Астана қаласындағы өңірлер мұражайларының көшпелі көрмелерінің ашылу салтанаты өтеді.
Сағат 16.00-деҚазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаевпен кездесуі өтеді.
АЛМАТЫ
Сағат 10.00-де Алматы қаласының Өңірлік коммуникциялар қызметінде «Алматы қаласындағы менингококк инфекциясы бойынша ахуал» тақырыбымен баспасөз мәслихаты өтеді.
Сағат 11.00-деАлматы қаласының Өңірлік коммуникциялар қызметінде «Алматы қаласы кәсіпорындарында еңбек заңдылықтарының сақталуы» тақырыбында баспасөз мәслихаты болады.
Сағат 11.00-де елімізде 84-ші театр маусымының жабылуына орай Абай атындағы опера және балет театрының директоры және көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Асқар Бөрібаев көрермендермен жүздеседі. Ол өткен маусымның қорытындысы мен алдағы маусымның жоспары тақырыбына арналады. Бұл шара театр ғимаратында болады.
ҚОСТАНАЙ
11.00-де Өңірлік коммуникациялар қызметінде менингит ахуалына қатысты брифинг өтеді.
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
Абай ауданы Қарауыл елді мекенінде аудандық мәдениет үйінің ұйымдастырумен «Елім менің» концерті өтеді.
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ
Сағат 15:00-де Ақмола облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Ақан Бақытжан Дәулетбайұлының қатысуымен брифинг өтеді.
ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
11.00-де Оңтүстік Қазақстан облыстык коғамдық денсаулық сақтау департаментінде менингококк инфекциясына байланысты брифинг өтеді.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен сағат 10.30-12.00 аралығында Сырдария ауданында мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жөнінде баспасөз туры өткізіледі.
АТЫРАУ ОБЛЫСЫ
Сағат 15.00-де Салтанат сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында «Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру: жаһандану жағдайындағы мемлекеттік тілдің дамуы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Әділжан Үмбет