Қазақстанда 5 мың іс электронды түрде тергелуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Цифрландыру мүмкіндіктерімен тергеу амалдары барысында заңсыздықтарға жол берілмейді. Бұл туралы Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында Бас прокурор Қайрат Қожамжаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда 5 мың іс электронды түрде тергелуде

«Әлем бойынша Қазақстан қылмыстық-электрондық істі енгізген 40 мемлекеттің ішіне кірсе, ТМД елдерінің арасында бірінші болып тұрмыз. Қазіргі таңда аталған жоба «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында іске асырылуда. Электрондық қылмыстарды жүргізу 2017 жылдан бастап бірінші сатыда теріс қылықтар, ауыр емес қылмыстар бойынша енгізілуде. Жалпы, электронды түрде 5 мыңға жуық іс тергелуде, оның 2,3 мыңнан астамы сотқа жолданды. Тергеушілермен қатар, электрондық істердің материалдарымен жұмыс істеуге 900-ден астам адвокатқа және процеске қатысушыларға рұқсат берілді», - деп тоқталды Қайрат Қожамжаров.

Оның сөзіне қарағанда, цифрландыру мүмкіндігі арқылы тергеу амалдары барысында жалған құжаттарды жасау немесе басқа да заңсыздыққа жол берілмейді.

«Біздің мақсаттарымыз қандай? Біріншіден, қылмыстық тергеуден бастап, сотта қарап, үкімнің орындалуына дейін бүкіл процесті автоматты түрде жылдамдату мен жеңілдету. Екіншіден, тергеу кезінде жалған құжаттарды жасауға және енгізілген мәліметтерді өзгертуге жол бермеу, сыбайластықты төмендету. Үшіншіден, ведомстволық, прокурорлық әрі соттық бақылаудың тиімділігін арттыру», - деді Қ. Қожамжаров.
null

Бас прокурор атап өткендей, электронды сот ісін жүргізуді толыққанды енгізу үшін қылмыстық қудалау органдарын қаржыландыру, тиісінше техникалық жарақтандыру және қызметкерлерге оны жүргізу дағдыларын оқыту мәселелерін шешу қажет. Осыған байланысты Үкімет мүшелері жобаны одан ары іске асыру үшін қаржы бөлу бағытын талқылады. Ал құқық қорғау органдарының басшыларына қылмыстық процесті кезең-кезеңмен автоматтандыру мерзімінің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды.

null