Қазақстанда 5 радиациялық онкология орталығы мен 2 ядролық медицина орталығы салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның 5 қаласында жоғары технологиялық радиациялық онкология орталықтары мен 2 ядролық медицина орталығы салынады.
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Әйелдердің сүт безі обырын және кіші жамбас ағзалары ауруларын ерте анықтаудағы инновациялық технологиялар» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева айтты.
«Еуропа, АҚШ, Корея және басқа да медицинасы дамыған елдердің тәжірибесі бойынша жақын болашақта еліміздің 5 қаласында жоғары технологиялық радиациялық онкология орталықтары мен 2 ядролық медицина орталығы салынады. Олар еліміздің территориялық ерекшеліктеріне сәйкес орналастырылып, әрқайсысына бірнеше облыс бекітіледі», - деді ол.
Келешекте Қазақстан азаматтары обыр дертін ерте бастан анықтап, дер кезінде аурудың алдын алу мүмкіндігіне ие болады.