Қазақстанда 57 млрд. теңгеге 22 су қоймасы салынады

Біздің «Қазсушаруашылығы» мекемесінің балансында 78 су қоймасы болса, соның 52-сі стратегиялық өте маңызды нысан саналады. Алдағы уақытта суармалы жерлерді сумен қамту дұрыс жолға қойылуы үшін 22 су қоймасын салмақпыз. Біздің есептеуімізше оның жобалық құны 57 млрд. теңгені құрайды. Жалпы, біз осы 22 су қоймасын салудың арқасында 1,9 млрд. текше метрге су қорын ұлғайтпақпыз», - деді комитет басшысы
Сонымен қатар ол қазіргі уақытта қолданыстағы 42 су қоймасы күрделі жөндеуден өтетіндігін баса айтты.
«Оның да жұмыстары биыл басталып кетті. Жалпы, бұл екі позицияны республикалық бюджеттен қаржыландырамыз. Себебі, мұны тариф арқылы қайтару мүмкін емес», - деді Әбішев.
Айта кетейік, ҚР-дың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша 610 мың га аумақтағы тұрақты суарылатын жердің ирригациялық жүйесін қалпына келтіру жоспарланған. Оның ішінде Алматы облысында - 127 мың га, ОҚО - 99 мың га, ШҚО - 92 мың га, Жамбыл облысы - 86 мың га, БҚО - 40 мың га, Павлодар облысы - 30 мың га, Ақтөбе облысы 29 мың га, Қызылорда облысы - 29 мың га, Қарағанды облысы - 28 мың га, СҚО - 28 мың га, Атырау облысы - 22 мың га суармалы жер қалпына келтіріледі. Мұнан бөлек, мемлекеттік бағдарлама аясында 368 мың га аумақтағы лиманды суару жерін қалпына келтіру көзделген. Оның ішінде БҚО-да - 163 мың га, ШҚО-да - 56 мың га, Ақмола облысында - 44 мың га, Ақтөбе облысы - 41 мың га, Атырау облысы - 36 мың га, Павлодар облысы - 24 мың га, Қарағанды облысы - 4 мың га жер бар.