Қазақстанда 6 айда 21,1 млрд. текше метр газ өндірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ағымдағы жылдың 6 айында 21,1 млрд. текше метр газ өндірілді, бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102 пайызды құрап отыр. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлімдеді.

Қазақстанда 6 айда 21,1 млрд. текше метр газ өндірілді

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, есепті кезеңде тауарлы құрғақ газ өндіру 14 млрд. текше метрді құраса, сұйытылған газ 1 млрд. 186 млн. тоннаны құрады.

«Табиғи газға ішкі сұраныс айтарлықтай артты. Жарты жыл ішінде бұл 6,9 млрд. текше метрді құрады, бұл өткен жылғы кезеңге 120 пайызға дейін барады. Осының өзі өңірлерді газдандыру жөніндегі бағдарламаның табысты жүзеге асып жатқанын білдіреді. Газдандырудың бас жоспарына сәйкес, бұл жұмыс әлі де жалғасады», - деді министр.

Тоқтала кететін жайт, «ҚазТрансГаз» компаниясы мен «Азиягазқұбыры» желісі бойынша алты айда еліміздің аумағы арқылы 46 млрд. текше метрге жуық газ тасымалданған.