Қазақстанда 6 айда 36,7 млн. тонна мұнай өндірілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда өткен 6 ай ішінде 36,7 млн. тонна мұнай өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 98,4 пайызды құрап отыр. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин осылай мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Қазақстандағы мұнай өндіретін ірі компаниялар «ТШО» (ТеңізШевройл), «КПО» (Қарашығанақ Петролейум Оперейтинг), «МаңғыстауМұнайгаз», «ӨзенМұнайгаз» компаниялары болып отыр. Олардың жиынтық өндіру үлесі жалпы мұнай өнімінің шамамен 63 пайызынан асады.
«Жартыжылдықтың қорытындылары бойынша «МаңғыстауМұнайгаз» былтырға қарағанда мұнай өндіруді 104,2 пайызға, «ӨзенМұнайгаз» компаниясы 103,5 пайызға, «КПО» 107 пайызға, «ТШО» 95,8 пайызға орындады» , - деді Ұ. Қарабалин.
Бұл ретте министр «ТШО» өзінің зауытында жалпы уақыты 73 күнді құрайтын екі күрделі жөндеу жұмыстарын жүзеге асыруды жоспарлағанын атап өтті.
«Жалпы біздің міндетіміз 2014 жылы мұнай өндіру көрсеткішін былтырғы рекордтық деңгейде сақтап қалу. Былтыр елімізде 81, 8 млн. тонна мұнай өндірілген еді», - деді министр.