Қазақстанда 6 айда 400 тонна тамақ өнімдері жеуге жарамсыз деп танылған
АСТАНА. 24 шілде. ҚазАқпарат - Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің 2013 жылғы І жартыжылдықтағы тексерісінен кейін 400 тонна шамасындағы тамақ өнімі жеуге жарамсыз деп танылып, көзі жойылған. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
Комитет төрағасының айтуынша, жыл басынан бері сауда нысандарын жоспарлы тексеру барысында 400 тонна тамақ өнімдері жарамсыз деп танылса, соның ішінде сақтау мерзімі өтіп кеткен азық 80 тоннадан асып жығылған. «7 тонна өнімнің қауіпсіздігі расталатын тиісті құжаттары жоқ болып шықты. Сонымен қатар микробиологиялық көрсеткіштермен сәйкес келмейтін 300 тонна өнім анықталған. «Барлық жарамсыз өнімдер сатудан алынып, көзі жойылды», - дейді Ж. Бекшин.
Оның айтуынша, мамырдың басынан 18 шілдеге дейін зертханаларда көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерінің 10 мың сынамасына зерттеу жүргізілген. Солардың 178-інде нитрат (тұз және азот қышқылының эфирі) деңгейінің тиісті мөлшерден асып кету жағдайы тіркелген. Ал қазіргі таңда әлі де болса қарбыз бен қауындардағы нитрат құрамының деңгейі тиісті мөлшерден 1,5 есеге асып отырғаны байқалады.