Қазақстанда 6 айда 69 875 жаңа автомобиль сатылды

АЛМАТЫ. 24 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанның автомобиль нарығындағы 2010 жылы басталған даму үдерісі биыл да өз жалғасын табуда.

Қазақстанда 6 айда 69 875 жаңа автомобиль сатылды

Бұл туралы Қазақстандық автобизнес қауымдастығының алғашқы жартыжылдыққа шолуында мәлім болып отыр.

«Ғаламдық нарықта соңғы жартыжылдықта сарапшылар бұған дейін байқалмаған бір үрдісті аңғарған. Сатып алушылар көбінесе өз елінде құрастырылған және ұлттық маркідегі автомобилдерді таңдауда. Бұл Еуропа одағы мен ТМД елдеріне де қатысты болып отыр. Бүкіл әлемдегі автомобиль нарығында «Отандық өнімді сатып ал!» ұраны жеңіске жетуде», - дейді қауымдастық президенті Андрей Лаврентьев. Оның айтуынша, отандық брендтер Францияда алғашқы ондықта, ал Италияда - Fiat, Украинада - ZAZ, Ресейде Lada көш бастауда. Қазақстанның автонарығында да өсім байқалуда. Мәселен, ресми диллерлер арқылы ұсынылған жаңа автомобильдер саудасы маусымда 14,5 мың дананы құрап, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен (8445 дана) салыстырғанда 71 пайыздық өсім тіркелді. Ал жартыжылдықтағы өсім 72 пайызды құрады. Атап айтқанда биыл 6 айда 69 875 жаңа автомобиль сатылса, өткен жылы дәл осы уақытта бұл көрсеткіш 39 980 болған еді. Сондай-ақ биыл импорттық көліктер - 79, Қазақстанда құрастырылғандар 21 пайызды құрап отыр. Ал нарықтағы шетелдік өндірушілер арасында Ресейдің үлесі - 51,8, Жапония - 9, Өзбекстан - 8,6,, БАӘ - 3,2, Корея - 3,1, Германия 0,9 пайыз болып отыр.