Қазақстанда 6 ірі ұн тарту кәсіпорында ұнды дәрумендермен байыту қолға алынған - ЮНИСЕФ-тің ана мен бала тағамын жақсарту жөніндегі бағдарламасының үйлестірушісі

АСТАНА. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстанда 6 ірі ұн тарту кәсіпорынында ұнды дәрумендермен байыту қолға алынған.
None
None

Бұл туралы ЮНИСЕФ-тің ана мен бала тағамын жақсарту жөніндегі бағдарламасының үйлестірушісі Айгүл Нұрғабылова дәрумендермен, минералдармен байытылған ұнды тұтыну арқылы анемия ауруының алдын алу және аталған өнімге тұтынушы сұранысын арттыру мақсатында өткізілген журналистер арасындағы республикалық байқаудың қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтты.

Таяуда оңтүстік өңірлердің ұн тарту кәсіпорындарында болып қайтқандығын айтқан оның сөзіне қарағанда, кәсіпорындардың көпшілігі ұнды қажетті дәрумендермен байытуға қажетті премикс өнімі қымбат деп есептейді екен.

«Ұн тартатын кәсіпорындар жылына шамамен премикс сатып алуға 60-70 мың доллар шығындайды. Бұл орайда, Қазақстан Астық өңдеушілері мен наубайшылар одағының президенті Евгений Ган соңғы 6 жылда мемлекет ұн тарту саласына несиелеу мөлшерлемесін төмендету арқылы 3,767 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетті деген сөзі оралады. Сонымен қатар мемлекет ұнға салынатын қосымша құн салығын қайтарып отыр. Сондықтан олар үшін аталған сома соншалықты көп қаржы емес», дейді А.Нұрғабылова.

Премикс Степногор қаласында орналасқан Биомедпрепарат комбинатында шығарылады. 2009 жылдың ішінде аталған комбинат 20 тонна премикс өндіргенін айта келіп, ол «бұл дәруменді сырттан тасымалдаудың еш қажеті жоқ. Мәселен Еуропа елдерінде оның тоннасы 7-8 еуро тұрса, еліміздегі құны 8-9 долларды құрайды. Ал 1 тонна премикс шамамен 8 мың тоннаға жуық ұнды байытуға жетеді», деді өз сөзінде.

Тағам құрамында темір мен фолиц қышқылы сияқты дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі қазіргі уақытта жер бетіне кең тараған әрі қауіпті қорек тапшылығына айналып отыр. Бұл жетіспеушіліктің адамның тіршілік етуіне, дамуына, денсаулығы мен ақыл-ой мүмкіндіктеріне және еңбек өнімділігіне кері әсер ететіндігі дәлелденген. Ал ұнды дәрумендермен байыту үдерісі барысында жоғары және бірінші сұрыптағы ұнды технологиялық тұрғыдан қайта өңдеу кезінде жоғалтқан дәрумендер мен минералдарға қайта ие болмақ.

Соңғы жаңалықтар