Қазақстанда 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салынады – министр

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстанның барлық өңірінде 70-ке жуық жаңа денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Ақмарал Әлназарова
Фото: Үкімет

– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында министрлік өңірлердегі медициналық-демографиялық жағдайды және тиімділік өлшемшарттарын ескере отырып, денсаулық сақтау нысандарын салу қажеттілігіне талдау жүргізуді бастады, – деді министр.

Оның айтуынша, жоспарға 1 700 төсекке арналған сегіз заманауи перинаталдық орталық кіреді. Олар Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қаскелең, Қызылорда және Орал қалаларында салынады.

Сонымен қатар Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтау қалаларында жалпы 1 550 төсекке арналған жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу көзделген. Астанада 200 төсекке арналған балаларға шұғыл көмек көрсету орталығы мен 350 төсекке арналған балалар хирургиясы орталығы бой көтереді.

– Балаларға көрсетілетін медициналық көмекті кеңейту және мамандандырылған, жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру көзделіп отыр, – деді Ақмарал Әлназарова.

Бұдан бөлек, Алматы, Ақтау, Атырау, Қызылорда және Семей қалаларында жалпы 750 төсекке арналған Балаларды оңалтудың ұлттық орталығының бес өңіраралық филиалы ашылады.

Сондай-ақ Өскемен, Абай және Түркістан облыстарында әрқайсысы 300 төсекке арналған көпбейінді ауруханалар, ал Жамбыл облысында 325 төсекке арналған жұқпалы аурулар ауруханасы мен мамандандырылған корпустар салу жоспарланған.

Министрдің мәліметінше, жаңа нысандар қатарында 25 амбулаториялық-емханалық мекеме, аудандық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем нысандары, қан орталықтары және басқа да мамандандырылған мекемелер бар.

– Нәтижесінде шамамен 1,8 млн шаршы метр медициналық инфрақұрылымды құру және жаңарту, стационарлардағы төсек санын 9,2 мыңға ұлғайту және жаңғырту, сондай-ақ амбулаториялық көмек қуатын ауысымына 5,3 мыңнан астам келушіге көбейту жоспарланып отыр, – деп атап өтті ведомство басшысы.

Айта кетейік, Олжас Бектенов Президент жариялаған «Халықтық құрылыс» жұмыспен қамтудың өсуіне және азаматтардың әл-ауқатының артуына серпін береді деген еді.